Испанияда жазғы трансферлік кезең қызып тұр. Соңғы күндері БАҚ беттерінде «Атлетико Мадридтің» «Реал Сосьедад» ойыншысы Такефуса Кубоға қызығушылығы жайлы ақпарат тарады.
Жапон шабуылшысы соңғы маусымдарда өзін Еуропаның алдыңғы қатарлы таланттарының бірі ретінде көрсетті. Оның техникалық шеберлігі, дриблингтегі сенімділігі және голдық жағдай жасау қабілеті көп клубтардың назарын аударды.
Қолда бар деректерге сүйенсек, мадридтік «Атлетико» Кубоны қатарға қосу үшін ойыншының келісімшартындағы 60 миллион еуро көлеміндегі өтемақыны төлеуі қажет. Бұл жерде тағы бір маңызды жайт бар: бұрынғы клубы «Реал Мадрид» бұл сомадан 30 миллион еуро алуға құқылы.
2011 жылы жеті жасында Кубо «Барселонаның» «Ла Масия» академиясына қабылданды. Ол алғашқы күннен-ақ жақсы нәтижелер көрсетіп, ең болашағы зор жас дарындардың бірі саналды. Алайда 2015 жылы ФИФА кәмелетке толмаған футболшыларды тіркеу ережелерін бұзғаны үшін «Барселонаға» жаза қолданды. Бұл жағдай Кубоға да әсер етті.
Салдарынан ол Каталонияны тастап, туған еліне оралуға мәжбүр болды. Жапонияда ол «Токио» клубымен келісімшартқа қол қойды. Ал 2019 жылы қайтадан Испанияға жол тартты, бірақ бұл жолы «Реалдың» ойыншысы ретінде. Кейін бірнеше клубта жалға ойнады. 2022 жылы ол «Реал Сосьедадқа» 6,5 миллион еуроға ауысты.
