Қазақстан футболы үшін тарихи сәт туды. Ел чемпионы «Қайрат» сейсенбі күні Шотландия алыптарының бірі — «Селтикті» тізе бүктіріп, тұңғыш рет УЕФА Чемпиондар лигасының топтық кезеңіне жолдама алды.
Алматыда өткен матчтың тағдырын пенальти сериясы шешті. «Қайраттың» қақпашысы Темірлан Анарбеков 1967 жылы ЧЛ жеңіп алған команда ойыншыларының үш бірдей соққысын қайтарып, нағыз батыр атанды.
Енді жеребеде «Қайраттың» есімі Еуропаның алпауыт клубтарымен бірге аталады. Дегенмен, «Реал» мен «Барселона» секілді грандтар алматылықтармен кездескісі келмейді.
Қарапайым мысал, Алматыдан Мадридке дейінгі арақашықтық — шамамен 8 мың шақырым. Ұшақпен шамамен 12 сағаттық жол. Мұндай ұзақ сапар кез келген клубтың жүйкесін тоздырады. Сондықтан да Испанияның қос алыбы — «Реал» мен «Барселона» жеребеде «Қайратпен» жолығудан қашқақтайтыны анық.
Олар үшін Алматыға бару — тек спорттық бәсеке ғана емес, сонымен қатар логистикалық ауыр сынақ. Қайтар жолды қоса есептегенде, футболшылардың үш күндік дайындық процесі жоғалады. Бұл — Чемпиондар лигасында әрбір ұпайдың алтынға бергісіз екенін ескерсек, үлкен қауіп.
