QazRealMadrid спорт жаңалықтары сайты
Жаңалықтар

Аты аңызға айналған Марсело немесе жай ғана жүрегін футболға арнаған жан

Бүгін футбол әлемі ұлы бір дәуірдің аяқталғанына куә болды. Аңызға айналған бразилиялық қорғаушы, Мадридтің «Реалы» үшін барын берген Марсело кәсіби мансабын аяқтағанын жариялады. Бұл – тек бір футболшының қоштасуы емес, бұл – нағыз өнердің, шексіз адалдық пен сарқылмас жанкештіліктің тарихы.

Марсело Виейра да Силва Жуниор. Бұл есім футбол тарихына алтын әріптермен жазылды. 1988 жылдың 12 мамырында Рио-де-Жанейрода дүниеге келген қарапайым бразилиялық бала арман қуып, туған жерінің «Флуминенсе» клубында алғашқы қадамын жасады. Оның ерекше дарынын 2007 жылы Мадридтің «Реалы» байқап, 19 жасар жігітті өз қанатының астына алды. Ол кезде ешкім оның тарихтағы ең үздік сол қаптал қорғаушыларының біріне айналатынын білмеді.

Марсело «Реал» жейдесін 15 жыл бойы киіп, жанын да, жүрегін де сол клубқа арнады. Ол бұл ұлы команданың бір бөлшегіне айналды, оның жаны болды. Оның әрбір пасында, әрбір жүгірісінде, әрбір дриблингінде нағыз мадридизмнің рухы сезілді.

Марсело «Реалмен» бірге барлығы 25 трофей жеңіп алды. Ол 6 рет Ла Лигада чемпион атанды, 5 рет Чемпиондар лигасын басынан көтерді, 2 рет Испания кубогын, 5 рет Суперкубокты, 3 рет УЕФА Суперкубогын және 4 рет Клубтар арасындағы әлем чемпионатын жеңіп алды. Әрбір жеңісі – термен, еңбекпен, махаббатпен келген ерлік.

Бірақ оның жетістіктерін сандармен ғана өлшеуге болмайды. Ол – футболды өнерге айналдырған жан. Оның алаңдағы әрбір қимылы, әрбір сәті көрерменге қуаныш сыйлады. Ол тек қорғаушы ғана емес, ол шабуылда да, қорғаныста да, тіпті рухани көшбасшылықта да теңдессіз болды. Ол алаңда би билегендей ойнады, ал біз – жанкүйерлер, оның сол биіне тамсанып, әр сәтін жүрекпен қабылдадық.

Көп жылдар бойы ол «Реалдың» адал сарбазы болды. Соңына дейін. Ол 2022 жылы клубтан кеткенде, жыламау мүмкін болмады. Бірақ ол футболмен қоштаспады. Ол әлі де жасыл алаңда күресті, туған клубы «Флуминенсеге» оралды. Бірақ тағдырдың жазуымен, 2024 жылдың қарашасында бапкермен дауға байланысты, футболдан үзіліс ала тұрды. Ал, бүгін Марсело ойыншы ретінде футболмен мәңгілікке қоштасты.

Айта кетейік, Марсело Бразилия құрамасы үшін де ол ұлы еңбек сіңірді. 58 матч, 6 гол соқты және 2012 жылғы Олимпиаданың күміс медаль иегері.

Марсело – тек ұлы футболшы ғана емес, ол біздің жүрегіміздің бір бөлігі. Ол бізге шынайылықтың, құмарлықтың, адалдықтың не екенін көрсетті. Ол алаңда соңғы тамшы тері қалғанша күресті. Ол – нағыз мадридист, нағыз чемпион.

Марсело, сенің есімің мәңгі есте қалады. Сенің күлімсіреуің, сенің шексіз ерік-жігерің, сенің алаңдағы сиқырлы қимылдарың – біз үшін әрдайым ұлы естелік болып қала береді.

Рақмет саған, Марсело. Сен мәңгілік тарихсың.

Ұқсас жаңалықтар

Эль-Класикода алаңнан қуылған ойыншылар мен олардың әрекеттері белгілі болды

admin

«Реал Мадрид» үшін жағымды жаңалық: Нико Уильямс ертеңгі ойынға қатыспайды

admin

«Реал Мадрид» Конате емес, Хёйсенге назар аударып отыр

admin

Пікір жазу