Алаң. Жап-жасыл көгал. Қызыл табанмен қақ жарған мадридтік жел. Бернабеудің биік-биік трибуналарынан төгілген үнсіз құрмет. Жанкүйердің жүрегінде өшпестей таңбаланған сәт — үнсіздікке сіңіп кеткен бір сурет.
Сол сәтте ол алаңнан кетті. Жәй ғана… басын иіп. Жәй ғана үнсіз. Ешкімге көз салмастан, ештеңе сұрамастан. Модричтің тойын бөлмеді. Мерекесін көлеңкелемеді. Оның иығына шапан жабылмады — өйткені ол ешқашан шапан кимеген. Оның шапаны — тер сіңген ақ жейде. Қанша жуғанмен, бойынан кетпейтін клуб рухының белгісі.
Лукас Васкес — атаққа жүгірмеген адам. Ол жарықтың астына шығуға тырыспады, тек көлеңке жақтан жарық шашуды үйренді. Жанкүйерлер оның атын айқайлап емес, жүрісінен таныды. Ол «жұлдыз» атанған жоқ, бірақ жұлдыздар сөнгенде де, оның жарығы көмескіленбей, алаң шетінде үнсіз жанып тұратын.
Мадридтің сыртындағы академияда — балалар үні жаңғырып жататын алаңда әр кеш бір арманмен аяқталады. Сол арманның бірі — Лукас еді. Бойы аласа, жүзі қарапайым, сөзі сараң сол бала, жаттығудан кейін допты жалғыз қуалап жүретін. Жарық өшкенше, алаңда қалатын. Басқалар кетіп болғанда ғана, аяқ киімінің бауын шешіп, иығына жейдесін асынып, үнсіз сөмкесін көтеретін.
Академия — сын аллеясы. Әсіресе «Реал» сынды алпауыт клубта. Әр бала — үміт арқалаған жас жауынгер. Бірақ аз ғана бөлігі ғана шың басына шығады. Қалғандары — үнсіз ұмытылады. Ал Лукас көзге түспеді, бірақ есте қалды.
Бапкерлер оның техникасын емес, тәртібін бағалады. Тәртіп — таланттың жартысы. Ал ол — сол жартыдан тұтас тұлға жасап шықты. Басқалар секілді ерекшеленуге тырыспайтын. Кезекте тұрып, кезегін күтіп, тапсырманы алғашқы болып орындайтын. Қай позицияда ойна десе де, қарсы шықпайтын. Себебі оған рөл емес, футболдың өзі қымбат еді.
Ол ойыннан кейін көп сөйлемейтін. Жеңіске де, жеңіліске де — бірдей қарайтын. Оның бар назары — келесі жаттығуда. Суық кештерде академияда жалғыз қалып қоятын. Жейдесін қолына ұстап, көлеңкесімен бірге ұзап бара жататын. Сол сәтте ол ешкімге қажет емес секілді көрінетін. Бірақ сол көрінбейтін жалғыздықтың ішінен бір мақсат бұғып жататын: негізгі құрам емес, Бернабеу шөбіне лайық болу.
Жылдар өтті. Лукас өсті, бірақ өзгермеді. Күшейді, бірақ күрделенбеді. Мінезі — баяғы сабырлы, жұмсақ қалпында қалды. Ол даңқты емес, дара жолды таңдады. Ол жарнаманы емес, сенімді таңдады. Ақыры 2015 жылы «Эспаньолға» жалға кетті.
Бала күнінен бері жүрегінің түкпірінде орын тепкен «Реалдың» есігі сәл жабыла бергенде, Лукас артына бұрылып қараған жоқ. Тек үнсіз кетті. Еш өкпе жоқ, еш күдік жоқ. Себебі ол ешқашан талап еткен жан емес-тін. Өзінен артық сұрамаған, өзгенің орнын қызғанбаған. Берсе — шүкір, бермесе — еңбек ететін болмыс иесі болатын.
2015 жылы «Эспаньолға» ауысты. Көпшілік үшін — бұл уақытша аялдама. Бірақ Лукастың жүрегінде бұл сапар — өз-өзімен бетпе-бет қалған күрес еді. Ол бұл клубқа жұлдыз болуға емес, күресуге келді. Көзіне түспей, көкейге сіңуді көздеді.
Барселона — алаңы жайлы, жүрегі суық қала. Мадридтің рухымен өскен бала үшін бұл орта — жат. Бірақ Лукас қай жерде доп болса, қай жерде еңбек болса — сол жерде мүмкіндік бар екенін жақсы білетін.
Ол ешкімге танылмаса да, ешкім танымаса да — әр жаттығуда жанын салды. Ешкім мән бермеген сәттерде де бар күшімен ойнады. Өйткені әр матч — оның тағдыры еді. Бір күні сенетін адам табылса екен деп емес, әр ойында өзіне дәлел беру үшін еңбек етті.
«Эспаньолда» ол ең әуелі жауапкершілікті үйренді. Мадридте бір рет қателессең — бапкер ескерту жасайды. Ал мұнда — орныңды басқа алады. Қатал жүйе. Бірақ дәл сондай орта оған қажет еді. Өйткені Лукас тек футболшы емес, адам ретінде де шынығып жатқан.
Ол бұл командада басты тұлға болған жоқ. Бірақ әр жолы оның есімі жазылғанда, бапкерлер сеніммен жазатын. Өйткені Лукас айғайламайтын, бірақ әр сантиметр алаң үшін күресетін ойыншы еді. Ол үшін гол — қуаныш, бірақ голға пас — абырой. Ол өзіне емес, командаға қызмет етуге жаралған.
Бір маусым. Жүздеген жаттығу. Ондаған матч. Сансыз жүгірген қадам. Жүз мәрте ішкі үнмен сөйлескен түндер. Сырт көзге қарапайым көрінген бұл кезең — Лукастың ішкі әлеміндегі бір дәуірге пара-пар.
Себебі сол жылы ол өзіне бір шындықты дәлелдеді: ешкім сенбесе де, өзі сенсе жеткілікті.
Бір күні күтпеген ұсыныс келді. «Реал» қайта шақырды. Ол жалақы сұрамады. Шарт қоймады. Тек «иә» деді. Себебі ол бұл шақыруды күтті.
Көзінде мақтанышы бар Лукас “Реалға” арманмен емес, дайындықпен оралды. Бұл жолы өзгеге емес, өзіне дәлелдеуді мақсат етті. Ол енді мүлде басқа еді: сабырлы, шыныққан, жүрегінде тек еңбек пен тәртіп қалдырған адам.
Мадридке оралғанда қолында көп нәрсе болған жоқ. Бірақ ең бастысы — өзіне деген сенім. Ол ешкімге керек болмауы мүмкін еді. Бірақ бұл жолы ешкімнен сұрамай, үнсіз өз орнын табуға келді. Тағы да бастапқы нүктеден.
«Реалға» оралған алғашқы күндері ешкім Лукасқа ерекше сенім артпады. Ол жұлдыз ретінде емес, қосалқы ойыншы ретінде қабылданды. Құрамда дауысы жоқ, бірақ тыныш жүрісімен бәріне түсінікті адамға айналды. Алғашқы апталарда жанкүйер оның есімін елемеді. Бірақ бір сәт келді — үнсіз ерлік сахнаға шықты.
2016 жыл. Чемпиондар лигасының финалы. «Атлетикоға» қарсы. Тағдыр сызықтың ар жағында шешілмек. Матч — тепе-тең. Енді бар салмақ — пенальтиде. Жұлдыздар үндемейді. Бәрінің жүрегі дүрсілдейді.
Сол сәтте Лукас бірінші болып алға шықты.
Ол алаң ортасынан ширақ, баяу, допты қолына айналдыра алаңға қойды. Артық қимыл жасаған жоқ. Тыныштықты бұзбай, тұп-тура қақпаға қарады. Соқты. Қақпашы — бір жақта. Доп — екінші. Айқай жоқ. Қуаныш жоқ. Жай ғана эмблемасын көрсетті.
Бұл — оның футболдағы алғашқы үлкен ерлігі. Батыр атанбаған батырлық. Бұл соққы жеңістің алғашқы қадамы болды. Бірақ Лукас даңқ іздеген жоқ. Ол үнсіз кетті. Сол қалпы, сол жүріспен.
Осыдан кейін ол алаңда жиі көріне бастады. Бірақ әр ойын — оған алғаш рет алаңға шыққандай әсер сыйлайтын. Ұдайы дайын. Үнемі сабырлы. Өз орнын талап етпейтін. Тек еңбек ететін.
Жылдар жылжып жатты. Командаға жаңа жұлдыздар келді. Бірі жарқ етіп жанды, бірі сөнді. Бірақ Лукас қалды. Себебі ол ешқашан жанып көрмеген. Ол — көмір еді. Астыннан алау беретін, ұзақ жанатын, елеусіз, бірақ тұрақты күш.
Бапкерлер оны жақсы көрді. Бірақ баспасөз — үнсіз қалды. Жанкүйерлер оны құрметтеді, бірақ мақтау арнамады. Лукас ешқашан басты кейіпкер болған жоқ. Бірақ әр сахнаның сыртында оның ізі бар еді.
Финалдарда ол алаңға соңғы минутта шығатын. Қақпа алдындағы қысымды сейілтетін. Жас ойыншыны алмастырып, жеңісті қорғайтын. Өйткені ол жақсы білетін — бұл жеңіс менікі емес, бәріміздікі. Абырой жеке емес, ұжыммен өлшенеді.
Ол әр матчқа бірдей ықыласпен, әр маусымға бірдей жауапкершілікпен шықты. Сол себепті оның аты әр кубокта жазылмаса да, әр жүлдеде оның терінің иісі қалды.
Лукас өмір бойы қанатта ойнады. Сызық бойымен жүйткіп, қарсылас қорғанысын ыдырататын. Әр шабуылда — оның табаны, әр кросста — оның тынысы бар еді. Бірақ бір күн — бәрін өзгертті. Бапкер Зинедин Зидан оған жаңа міндет жүктеді. Шабуыл емес — қорғаныс. Жарық емес — тасадағы жауапкершілік. Бұл — жаңа бет еді.
Қорғаушы болу — жай ғана позиция ауыстыру емес. Бұл — өмірдің бағытын өзгерту. Себебі шабуылшы қателессе — көркемдік жоғалады. Ал қорғаушы қателессе — жеңіс жоғалады. Лукас мұны білді. Бірақ еш қарсылық танытпады. Тағы да үнсіз бас изеді. Және тағы да жұмысын бастады.
Басында күмән көп болды. «Қанаттағы ойыншы қалайша қорғаушы болмақ?» деген пікірлер желдей есіп жатты. Бірақ Лукас ешкімге ештеңе дәлелдеген жоқ. Ол тек алаңға шықты. Қарапайымдылығымен, сенімділігімен, қайтпас мінезімен оң қанатқа орнықты. Шабуылды ұмытпады, бірақ алдымен — қарсыласқа тыныштық бермеу міндетін алды.
Зидан оның сабырын сезді. Тактикалық зеректігін байқады. Сондықтан Лукасты бір позицияға байлап қойған жоқ. Бірде — вингер, бірде — қорғаушы. Кейде екеуін қатар алып жүретін. Команда шабуылдаса — алға жылжитын. Қысым күшейсе — артқа сіңіп кететін. Ол рөл ойнаған жоқ — рөлге айналды.
Сол сәттен бастап оның футболындағы жаңа парақ ашылды. Бұл — шабуылдан бас тарту емес. Бұл — өзіңнен бас тарту. Команда үшін. Жеке көрініс емес — ұжым сенімі. Ол бір матчтың көркі емес, маусым бойы тыныштық сыйлайтын сенімді тірекке айналды.
Жанкүйерлер де оны қабылдай бастады.
Енді «қорғаушы» деген жазу жанында сұрақ белгісі емес, сенім тұрды. Себебі ол тек тоқтатпайтын, сонымен бірге қажет сәтте алға шығып, пас беретін, тіпті гол соғатын. Бірақ ол үшін бастысы — артта тыныштық орнату еді.
Зидан кейін сұхбатында:
«Лукас — жаттықтырушы үшін арман. Айтқаныңды бірден түсінеді», — деген еді.
Бұл _ жай мақтау емес. Бұл _ шынайы мойындау. Лукас шабуылшы болудан бас тартқан жоқ. Ол тек шекарасын кеңейтті. Қай жерде керек болса — сол жерге айналды. Шекарасыз футболшы. Шартсыз адалдықтың символы.
Жылдар өткенде жұрттың жадында жарқ еткен голдар ғана емес, дәл осындай өзгерістер қалады. Бір кездері өз орнынан қорықпай бас тартқан, алаңның басқа бұрышына көшіп, сол жерде де өз болмысын сақтап қалған бейнелер есте қалады.
Жаңа позиция Й жаңа бет. Бірақ Лукас үшін ең маңыздысы й сол ақ жейде. Оның иісі. Оның салмағы. Оның ар жағындағы міндет. Ол үшін футбол й шен емес, сенім. Дегенмен, уақыт — ең әділ төреші. Ол саған қоңырау соқпайды. Ескерту де жасамайды. Тек үндеместен келіп, сенімен бірге жүрген жақсы күндерді, жылдамдығыңды, сеніміңді және кейде өзіңді де алып кетеді. Бір кезде оң қанатта ойнаған Лукас — зымыраған паспен, ұшып бара жатқан шабуылшы еді. Оның әр жүгіруі қарсыласқа қауіп, жанкүйерге қуаныш сыйлайтын. Бірақ енді сол жүгірулердің арасы сирей бастады. Әуелі байқамай қаласың. Кейін мойындайсың. Басында жанкүйер сезеді. Кейін бапкер. Соңында — өзі.
Бұрын трибунада аты аталғанда толқын жүретін. Енді үнсіздік орнады. Одан кейін — сыбыр пайда болды. «Ол баяғыдай емес», «Неге ойнап жүр?», «Басқа ешкім қалмады ма?» деген күмән дауыстары естіле бастады. Бұрын мақтау тақырыптарына ілінген есім — енді сынды жиі еститін болды.
Әлеуметтік желі — тас атар сахна. Бір күндік көңіл-күй — бір өмірлік бейнеңді бүлдіруі мүмкін. Бір ғана қателік — жүздеген пікір. «Жылдамдық жоқ», «Жасы келді», «Клубтан кетсің» деген суық сөздер жанына тисе де, Лукас ешкімге жауап берген жоқ.
Ол ақталмады. Сұқбат беріп, «мен әлі дайынмын» деп жалбарынбады. Ол жай ғана таңертеңгі жаттығуға бұрынғыдан да ерте келетін болды. Жұмыс күнін бұрынғыдан да кеш аяқтайтын болды. Бірақ дене — темір емес. Жылдар өз дегенін алады.
Жанкүйердің бір бөлігі оны қорғаштауға тырысты. «Ол біз үшін қанша еңбек етті, қалайша ұмыттық?» деді. Бірақ көпшілік үшін футбол — бүгін. Кеше — тарих. Ертең — үміт. Ал Лукас сол аралықта қалып қойды.
Зидан кеткен соң, жаңа бапкерлер келді. Әрқайсысының өз жүйесі, өз таңдауы бар. Лукас бәрімен жұмыс істеді. Бірақ бұрынғыдай сенімді орын жоқ еді. Ол тізімде бар. Бірақ алғашқы таңдауда емес. Ол алаңға шығады. Бірақ көпке көрінбейді. Трибуналар да бұрынғыдай қарсы алмайтын болды.
Бірақ Лукас өзгермеді. Сол баяғы сабырлы көзі. Сол баяғы тік жүріс. Тек ішкі жалын енді сәл сығырайып қалғандай.тӨмірдегі ең ауыр нәрсе — шын жүрекпен істеген ісіңе, жан-тәніңмен жасаған еңбегіңе күмәнмен қарау. Лукас соны да қабылдады. Ренжімей. Ашуланбай. Жай ғана… аз сөйлеуді үйренді.
Ақыры міне, 2024/25 маусымтбасталғанда бәрі бұрынғыша көрінді. Команда дайын, алаң — таныс, ойын — жоспарлы. Бірақ Лукастың жүрегі әлдеқашан басқа лепті сезген. Бұл көктем — өзгеше. Бұл — оның соңғы көктемі болатын. Ол мұны сезді. Бірақ дабыл қақпады. Ешкімге айтпады. Үнсіз қарсы алды.
Маусым барысында ол алаңға сирек шықты. Енді бұрынғыдай оң қанаттағы ұшқыр рөлде емес, қорғаныстың шетінде, кейде тіпті қосалқы құрамда көрінді. Бірақ бұл — оның орнын жоғалтқаны емес, жай ғана рөлінің өзгергені. Жылдамдығы баяуласа да, ойын оқи білетін зерек санасы, сабырлы қолдауы, тыныш ықпалы — команданың ішкі жүйесінің бөлшегіне айналды. Оның 400-ден астам матчы — статистика емес, клуб мәдениетінің ізі еді. Ол үшін маусым ауыр өтті, клуб келісімшарт ұсынбады, ақыры мамыр айында оның “Бернабеудегі” тарихы жабылды. Ол ешқандай ресми салтанатты қаламады. Модричтің кетуі — көптің аузында. Лукас — көлеңкеде. Бірақ ол сол көлеңкеде де жарқырай білді. Ол бұл сәтті ешкімнен бөліскен жоқ. Өзінің соңғы күнін тек өзімен ғана бөлісті. Тыныштықпен. Мақтансыз. Құрметсіз емес — дабырасыз.
Ол стадионнан жай ғана кетті.
Жанкүйерге үнсіз ғана, “рақмет” дегендей қол бұлғады… Тарау жабылды. Бұл тарауда ол ешқашан басты кейіпкер болмады, бірақ әрқашан маңызды болды. Ол командалық рухтың бейнесі еді.
401 матч. 38 гол. 73 нәтижелі пас. 23 жүлде. Бұл — статистика ғана емес, адалдықтың жылнамасы. Дулыға кимеген қолбасшы. Жарқ етпеген жарық.
Осылайша, бір кездері академияда “Реалдың” негізгі құрамын аңсаған боз бала, араға жылдар салып Корольдік клубтың аңызы айналып, шынайы мадридист ретінде есте қалып, өз жолын өзімен бірге аяқтады.