«Реал Мадрид» бапкерінің матч алдындағы баспасөз міслихаты.
Бапкер ойын алдындағы “Атлетиконың” тамаша формасы мен ойынның екі клубқа да маңыздылығын атап өтті.
“Ертеңгі матч біз үшін де, “Атлетико” үшін де өте маңызды, өйткені біз Ла Лигадағы чемпиондық бәсекеде тұрмыз. Мадрид дербиі әрдайым ерекше өтеді. “Атлетико” қазір тамаша формада.”
Анчелотти “Атлетиконың” әлеуметтік желідегі “Реал Мадридке” бағытталған әзіл-қалжыңдарына мән бермегенін және командасының дайындыққа толық көңіл бөлгенін айтты.
“Атлетиконың” әлеуметтік желідегі “Реал Мадридке” бағытталған әзіл-қалжыңдары? Оларды көрген жоқпын және бұл туралы естіген де емеспін. Осы аптада біз Испания кубогының ширек финалында жеңіске жеттік, кейін қалпына келтіру жаттығуларын өткіздік – спортзал, бассейн, тактикалық талдау. Біз дербиге осылай дайындаламыз.”
Бапкер төрешілік мәселесіне қатысты “Реал Мадридтің” тек түсініктеме сұрағанын және төрешілердің жұмысын жақсарту үшін өзгерістер қажет екенін жеткізді.
“Реал Мадридтің” төрешілерге шағымы? Біз тек түсініктеме сұрадық. Біз қазіргі төрешілік жүйесін өзгерткіміз келеді, себебі бұл бізді қанағаттандырмайды. Әрине, барлығы бұл идеяға қарсы, өйткені оны біздің клуб қолдайды.”
Анчелотти төрешілердің “Эспаньолмен” өткен матчтағы сөйлесулерінің жазбасын әлі күнге дейін ала алмағандарын айтып, бұл жағдайдың түсініксіз екенін де атап өтті.
“Біз әлі күнге дейін Испанияның Корольдік футбол федерациясы (RFEF) мен Төрешілердің техникалық комитетінен (CTA) “Эспаньолға” қарсы матч кезінде төрешілердің өзара сөйлесулерінің аудиожазбасын алған жоқпыз. Олар неге бұл мәліметті бізге бергісі келмейді, білмеймін.”
Бапкер Ла Лига президенті Тебастың айтқандарына жауап беруден бас тартты.
“Тебастың сөздері? Маңызды матч алдында бұл тақырыпты қозғағым келмейді, бірақ ол алаңдамаса да болады: “Реал Мадридте” ешкім ақылынан адасқан жоқ.”
Сондай-ақ, бапкер Камавинга мен Лукас Васкестің қалпына келгені жайлы хабарлады.
“Кама мен Лукас алдағы матчқа дайын, бұл біз үшін қуанышты жаңалық. Олар ертең негізгі құрамда алаңға шығуы мүмкін. Олардың қатарға қосылуы бізге старттық құрам бойынша күмәнді жойды.”
Бапкер “Реал Мадридтің” шабуылының маңыздылығын атап өтіп, команда биыл 60 гол соққанын еске салды.
“Бізде керемет шабуыл бар, мұны статистика да дәлелдейді. Биыл біздің шабуылшылар барлығы 60 гол соқты. Алайда қорғаныста жарақат алған ойыншыларға байланысты қиындықтарымыз бар, бізге осыған бейімделу қажет.”
Сонымен қатар, қорғаныстағы мәселелер жайлы да сөз қозғалды.
“Кейбіреулер шабуылдан бір ойыншыны алып тастасақ, ойын балансына қол жеткіземіз деп ойлайды, бірақ қорғаныстағы мәселелерді бүкіл команда шешуі керек.”
Анчелотти Чуамени мен басқа ойыншылардың өз позициясында ойнағанын қалайтынын, бірақ жарақаттарға байланысты өзгерістер жасауға мәжбүр екенін түсіндірді.
“Мен Чуамениге өз позициясында, яғни жартылай қорғанда ойнағанын қалаймын. Басқа ойыншылар да өздеріне ыңғайлы позицияда ойнауы тиіс, бірақ жарақаттарға байланысты оларды түрлі аймақтарға орналастыруға мәжбүрміз.”
Бапкер Мбаппенің жоғары деңгейде өнер көрсетіп жатқанын және оның қарапайым адам екенін атап өтті.
“Мбаппе өте жақсы жұмыс істеп, даму үстінде, мұны оның статистикасы айқын көрсетеді. Ол өте қарапайым жігіт. Біз Килианның көрсеткішіне өте ризамыз.”
Карло Вальверденің әрдайым алаңға шыққысы келетінін және Лукасты алмастырғанда үлкен көмек көрсететінін айтты.
“Вальверде әрқашан ойын тәжірибесін алғысы келеді. Федерико бізге, әсіресе Лукасты демалдыру қажет болғанда, үлкен көмек көрсетеді.”
Бапкер Себальостың соңғы уақытта жиі алаңға шығып жүргенін, оның физикалық жағдайы жақсарғанын және қорғанысқа да үлес қосатынын атап өтті.
“Себальос соңғы кезде көбірек ойнап жүр, себебі ол тек шабуылда ғана емес, қорғаныста да үлкен үлес қосуда. Сонымен қатар, оның физикалық жағдайы жақсарды, бұл да өте маңызды. Ол ойынды жақсы бақылауда ұстайды.”
Анчелотти Серхио Рамостың “Реал Мадрид” үшін аңыз екенін айтып, оның “Монтеррейде” 93-нөмірді таңдаған себебін білмейтінін әзілмен жеткізді.
“Рамос – аңыз, біз оған өте ризамыз. “Мадрид” жейдесінде оның ойынын көргеніміз үшін бақыттымыз. Мексикада оны ерекше құрметтейтін болады, олар оның шеберлігіне тәнті болатыны сөзсіз. Рамостың “Монтеррейде” 93-нөмірді таңдауы? Шынымды айтсам, оның неге бұл нөмірді таңдағанын білмеймін (күледі). Оған тек сәттілік тілеймін.”
Сөз соңында бапкер Родригоның ойынын мақтауды да ұмытрады.
“Родриго біз үшін өте маңызды ойыншы. Оның көптеген тамаша қасиеттері бар.”
Еске сала кетейік, Атлетикоға қарсы матч, 9-ақпан күні Астана уақытымен 01:00-де басталады.