Француз қорғаушысы Ибраима Конате осы маусым аралығында трансферлік нарықтағы басты тұлғалардың біріне айналуы мүмкін. Бұл жайында испандық Marca басылымы хабарлады.
Мәліметтерге сенсек, Конате “Ливерпульдің” екі мәрте жасаған келісімшартты ұзарту ұсынысын қабылдамаған. Бұл – клуб басшылығын алаңдататын басты факторлардың бірі. Себебі, командада дәл осындай жағдай бұған дейін Трент Александр-Арнолдпен де туындаған болатын.
2026 жылы қазіргі келісімі аяқталатын Конате келесі маусымда тегін агентке айналуы ықтимал. Сол себепті “Ливерпуль” оны осы жазда сату арқылы қаржылай пайда көргісі келеді. Бұл шешім – ойыншыны командада ұстай алмайтындарын түсінген басшылықтың амалсыз қадамы болмақ. Ал мадридтік “Реал” бұл жағдайды өз пайдасына шешуге ниетті. Жуырда “корольдік клуб” Конатеге қызығушылық танытып, ойыншының жағдайын бақылап жүргені белгілі болды.